Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жаңадан құрылған туризм басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған Ермеков Дінмұхамед Жандарбекұлы таныстырылды.
Жаңа басшыға өңірдегі туризм саласын дамытуға қатысты маңызды міндеттер жүктелді.
«Мемлекет басшысының шетелдік инвесторлардан ел экономикасына қосымша қаржы тарту, отандық туризмді дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында облыстық туризм басқармасы құрылды. Жаңа басқармаға өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді жұмысты үйлестіруді тапсырамын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Дінмұхамед Жандарбекұлы 1992 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Құқықтану» және «Қаржы» мамандықтары бойынша білім алған. Швейцария бизнес мектебінің «Іскерлік әкімшілік» докторы.
Әр жылдары Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінде, Премьер-министр кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған.
2023-2025 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық дін істері басқармасының басшысы болған.
2025 жылдан бүгінгі күнге дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын абыроймен атқарып келді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі





